Алматы облысына келетін туристер саны 25% көбейген. Яғни жарты жылдың ішінде өңірге 530 мыңнан аса адам келген. Туристердің көбі Алакөлдің шипалы суына шомылып, Көлсайда демалуды таңдаған. Алатаудың баурайындағы інжу маржандай Көлсай көліне биыл 110 мыңнан астам аса адам келді. Қазір аймақта инфрақұрылым мен қызмет жақсарып, туристер үшін бірнеше бағыт әзірленген. Сонымен қатар таза ауамен тыныстап, қайталанбас табиғат сұлулығын тамашалап қайтуға болады.
Қайыпберген Мұратбаев, турист:
- Мынау – Қазақстанның Алтын Ордасы. Осы табиғатта демалғанның өзі рахат. Адамның өмір жасына өте көп пайдасы тиеді. Қазақтың ең бір мықты жері деуге болады.
Сонымен қатар Көлсайдағы этноауылда халқымыздың өткен ғасырдағы тұрмыс-тіршілігі дәріптелген. Онда құсбегілік, саятшылық сынды бекзат өнермен де танысуға мүмкіндік бар. Бұған әсіресе шетелдіктердің қызығушылығы жоғары.
Юсиф Огги, Мысыр елінің азаматы:
- Мен мұндай жерге келгенімді мақтан етемін. Өзімді өткен ғасырларда өмір сүрген адамдардың ортасына түскендей әсер алдым. Қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстым.
Айдынды Алакөлде де биыл туристердің қарасы қалың. Тіпті шомылу маусымы қызған шақта Ақши, Көктұмадағы екі жүзден астам демалыс кешенінде орын болмады.
Азамат Мұхаметкәрімов, Алматы облыстық туризм басқармасы басшысының м.а.:
- 2021 жылғы 6 ай көрсеткіші бойынша Алакөл көлінің жағалауына 230 мың адам келген. Қапшағай су қоймасының көліне 250 мыңдай адам. Балқаш көлінің жағалауына 6 мыңдай адам келген. Бұл былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда салыстырғанда едәуір өскені байқалады. Бұл көрсеткіштер туризм саласының өз қалпына келе бастағанын, өсу динамикасын көрсетеді.
Алматы облысында Алтынемел, Шарын, Көлсай сынды 5 ұлттық парк бар. Одан бөлек, өңірдің оңтүстігінде қысқы туристік кешендер жұмыс істейді. Сала мамандары жыл соңына Жетісу жеріне келетін туристер саны 1 млн 400 мыңға жуықтайды деп болжам жасап отыр.