Қазақстан мен Беларусь елдері арасындағы өндірістік әлеует артып келеді. Қазір еліміздің аумағында аталған ел техникасы мен құрылғыларын шығаратын 7 ірі бірлескен өндіріс ошағы бар. Олардың дені – көлік жинайтын зауыт. Биылдың алғашқы 7 айында ғана былтыр жыл бойы қолданысқа берілген тракторлар мен комбайндар құрастырылған. Техника көлемі мен өндірістің қуатын еселеумен қатар қазақстандық үлесті арттыру жағына ден қойылып отыр.
Павел Утюпин, Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:
- Біз локализациялық үрдісті тереңдететін боламыз. Келер жылы кабиналарды толықтай шығаруға арналған өндірісті іске қосамыз. Олар осы жерде жиналып, Қазақстан аумағындағы өндірістік алаңдарға жеткізілетін болады. Қазақстанда оған қажетті өзге де жобалар қолға алынуда. Мәселен, қозғалтқыштар шығаратын зауыт, қозғалтқыштарға қажетті қосалқы бөлшектер жасайтын жобаларымыз бар. Бұл дизельді генераторлы станциялар мен жылжымалы компрессорлы станциялар сынды өндірістер. Бұған қоса автомобиль жиынтықтарына қатысты бірқатар келісімдер жасалуда. Олардың бірі Қазақстандағы машина жинау саласында терезелер шығару.
Дәл осылай комбайн өндірісі мен ауылшаруашылық техникасының қосалқы құралдары мен бөлшектерін жинау ісінің іргесі кеңейтілмек. Сонымен қатар бірлескен өрт сөндіру көліктерін шығару жобасын жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Беларусьтік тарап салаға инвестиция құюмен бірге маман даярлау жағына да мүделілік танытып отыр.
Павел Утюпин, Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:
- Қостанайлық агротехникалық колледжбен бірге, осы оқу орынының қабырғасында Беларусь тәжірибесінде бар техникалық мамандықтарға оқытатын орталық құруды жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше оқу бағдарламасымен қатар толықтай жабдықтауды өз мойнымызға аламыз. Тиісті құжаттарға қол қойылды. Қазіргі таңда материалдық-техникалық базаны жинап жатырмыз. Енді мұнда оқыған студенттер тек біздің зауыттарда ғана емес, жалпы Қазақстандағы машина жасау кәсіпорындарында жұмыс істей алатын болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов