Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, автомобиль инфрақұрылымы және азық-түлік өндірісін дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау. Жетісу облысының дамуы бойынша басымдыққа ие бес бағыт осылар. Бұл туралы Жетісу өңірінің жұртшылығымен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы облыс тұрғындарымен кездесуінде Қазақстан-Қытай шекарасындағы кезек жағдайын түзетуді тапсырды. Президенттің айтуынша, осы мақсатта Алакөл және «Нұр жолы» шекара бекеттерінде электронды кезек енгізуді жеделдету қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жүргізушілердің әділ наразылығын тудыратын жүк көліктері жинақталған. Жағдайды түзету үшін «Алакөл» және «Нұр жолы» шекара бекеттерінде электронды кезекті енгізуді жеделдету қажет. Өңірдің және жалпы елдің экономикалық әлеуетін елеулі түрде арттыратын тағы бір қадам Қытай стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана құру болуы мүмкін. Оның жұмысы Қытайға экспортымызды арттырады. Қазірдің өзінде Қорғаста мұндай зертхана ашу жоспары бар. Бұл жобаны жедел жүзеге асыру үшін Қытайдан келген әріптестермен диалогты жандандыру қажет.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісуда 100 миллион гектардан астам жер пайдаланылмай жатқанымен қоса, оның жартысы мемлекет меншігіне өтпегенін айтты. Президент бұл жерлердің барлығы қайтарылып, шаруалар арасында әділетті түрде бөлінетінін мәлімдеді. Ал облыс әкімдігі аталған мәселені жеке бақылауына алуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор. Табиғаты – жайлы, жері – құнарлы. Мұнда жер де, су да жетеді. Тек оны тиімді пайдалану керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биыл 5 миллион гектарға жуық бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Біз осылай ауылдардың маңындағы жер тапшылығы мәселесін шешеміз. Қайтарылған жер жергілікті шаруалардың арасында әділ бөлініп, берілуге тиіс. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам болады.
Сонымен қатар Президент үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп Талдықорғанда ірі шетелдік технологиялық университеттің филиалын құру мәселесін пысықтап жатқанын атап өтті. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы болатын. Университетте ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және цифрлық технологиялар саласындағы мамандар дайындалады. Бұл өңірлерге жастарды тартып, жергілікті экономиканы жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етудің жолы.