Құжатта Қазақстанның алдағы жылда дамуына қатысты болжам бар. Оған сәйкес, 2023 жылы еліміздің экономикалық өсімі 3,5%, ал 2024 жылы 4% құрайды. Бұл құрылымның өткен жылғы шілде айындағы болжамынан жарты процентке төмен және сәйкесінше жарты процентке көптеу. Жалпы Еуропа және Орталық Азия аумағында 2023 жылы аймақтық экономиканың өсімі аздап баяулайды деп күтілуде. Есесіне 2024 жылы қалпына келіп, 2,8% дейін өсім көрсетеді дейді сарапшылар. Жалпы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты қаржылық құрылымның болжамы көңіл көншітерлік емес. Жаһандық экономика небәрі 1,7%, ал 2024 жылы 2%-тен жоғары өсімге қол жеткізеді дейді сарапшылар. Бүкіләлемдік банк АҚШ, Қытай, Еуроаумақ елдері сынды дамыған мемлекеттерге қатысты болжамын айтарлықтай төмендетті. Сондай-ақ жаһандық экономикадағы құлдырау өз кезегінде дамушы мемлекеттердің экономикасына едәуір салқынын тигізеді делінген құжатта.