Қазақстандық кино Франция, Бельгия және Люксембург тұрғындарына көрсетіледі. Үшінші рет өтіп жатқан бірегей кинофестиваль көрерменге қазақстандық кинематографтың ең қызық туындыларын ұсынады. Биыл шара алғаш рет Париж мэриясының патронажымен ұйымдастырылып, оның ашылу салтанаты да осы тарихи ғимаратта өтпек. Фестиваль президенті Андрэ Ивановтың пікірінше, бұл жергілікті жұрттың қазақстандық киноға қызығушылығының өсуін айғақтайды. Фестиваль аясында Қазақстан және Франция кино өкілдері үшін бизнес-форум өтеді.
Андрэ Иванов, Қазақстан киносының француз қауымдастығының президенті:
- Фестивальді Франция жұрты ұзақ күткен «Томирис» фильмінің француз тіліндегі тұсаукесерінен бастауды шештік. Бұл – Қазақстан кинематографының ең қызық туындыларының бірі. Бұл фильмді Францияда бірнеше жыл күткен еді.
Жергілікті киносүйер қауымға «Сары мысық» фильмі де көрсетіледі. Бұл картина Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылғанын атап өту керек. Сондай-ақ «Барымташылар» картинасы, Диордың шабыты болған Алла Ильчунның өмірі жайлы деректі фильм, Ермек Шынарбаевтың «Қазақ тілі сабақтары» картинасы фестиваль бағдарламасына еніп отыр. Кино апталығының соңғы кеші Сатыбалды Нарымбетовке арналып, оның «Аманат» туындысы көрсетіледі.