Ақтөбеде соғыс жылдарында снарядтар, оқ пен атқыш машиналар шығарылды. Өңір
Отан қорғаушы жауынгерлерге әскери қолдау көрсету үшін жұмылдырылды.
«Ақтөберентген» - 1941 жылдың қараша айында Мәскеуден көшірілген жылжымалы және
тыл ауруханаларына арналған рентген аппаратын шығарған кәсіпорын. Бүгінде аталмыш
экспонаттар Ақтөбе қаласының өлкетану-тарихи музейінде сақтаулы.
Арман Ержанов, Ақтөбе қаласы Тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:
- «Оқ шығаратын, металл шығаратын зауыттарды біз қамтамасыз етіп отырдық.
Біздің іргелес жатқан Алға қаласындағы химия комбинатының өзі соғыс жылдарында
торпедалардың снарядтарын шығарды деген деректер кездеседі».
Соғыс жылдарында қалаға сегіз завод-фабрика көшірілген. Танктерге арналған
шойын және қола арматура, машина-тракторлардың қосалқы бөлшектері, зеңбірек оғы
мен мина атқыштарының детальдары шығарылды. 1943 жылы Ақбөбе ферроқорытпа
зауытында оқ пен қарудың темір бөлшектері жасалды. Сонымен қатар облыста
эвакуациялық госпитальдер жұмыс істеді. Қала тарихы көпшіліктің қызығушылығын
тудырады, сол себепті музейге келушілер де көп.
Арайлым Аңсатғали, оқушы:
- «Осы обылыстық өлкетану-тарихи музейінде көптеген заттарды білдім. Еліміздің Кеңес Одағы кезіндегі батырлары туралы тарихи мәліметтер білдім. Ақтөбеден табылған көптеген этнографиялық, археологиялық жәдігерлер туралы білдім».
Айта кетейік, соғыс жылдарында облыс халқының саны 335 мың адам болған.
Соған қарамастан оның 122 мыңы майдан даласына аттанды.

