Қазақстан мен Ресей Каспийдің таяздануын бірлесіп зерттейтін жұмыс тобын құрады. Бұл жөнінде Мәжілісте теңіздің ортасын қорғау мәселелері қаралған отырыста айтылды. Сонымен қатар, Қазақстан Әзербайжан және Түркменстан елдерімен бірлесіп, Каспий теңізінің экожүйесін қалпына келтіру жобасын қолға алмақ. Оның аясында әлемдегі ең үлкен жабық су айдынында ластануды басқару мен биологиялық әртүрлілікті сақтау қамындағы жұмыстар күтіп тұр. Каспий маңы мемлекеттерінің ортақ жобасы 5 жылға арналған. Бастаманы жүзеге асыруға Жаһандық экологиялық қор 12 млн доллар бөледі.
Мансұр Ошурбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Жаһандық экологиялық қордың гранты есебінен БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіне бөлек жобаны іске асырудың қаржыландыру сомасы 8 млн долларды құрайды. Каспий теңізінің жағалауын бейімдеу жобасын іске асыру үшін адаптациялық қор қаражатын тарту мүмкіндігі пысықталуда. Жобаның алдын-ала сомасы 10 млн доллар.
Ғалымдар қарт Қаспийдің бұрын соңды болмаған экологиялық дағдарысқа тап
болғанын айтып, дабыл қағуда. Атакөлге 130 тарта өзен құйса да, деңгейі жыл
сайын 8 сантиметрге төмендеп келеді. Мамандардың зерттеуінше, бұл мәселе дереу
қолға алынбаса деңгейі 2050-ші жылға дейін 33 метрге
төмендеп кетуі мүмкін. Теңіздің тартылуының алдын алу үшін былтыр Қазақ Каспий
теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылған болатын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

