Жазушы Үзбен Құрманбайлының кітабы жарық көрді

Елордада «Мейрімді қоғам, мемлекеттің қажеттілігі және пайдасы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Авторы – қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлы.

Жазушы жаңа еңбегінде ізгілікті қоғам құрудың тұжрымдамасын жасаған. Ол оның бірден бір жолы бүгінгі ортада мейірімділік заңдылығын қалыптастыру екенін айтады. Бұл игі бастама Елбасының «Азаматтық қоғам құру» және «Рухани жаңғыру» сынды идеяларының лайықты жалғасы деп санайды. Осы  ізгіліктің қайнар көзін қазақ халқының тамыры терең тартқан тарихы мен ұлағатты мәдениеті және ұлттық болмысы мен салт-санасынан іздеуге кеңес береді.

ҮЗБЕН ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ЖАЗУШЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Біздің қазақта қандай жақсы дүние бар? Ол ата-бабадан жалғасып келе жатқан қанында бар, менталитетінде мейірімділік бар. Біз – мейірім мен қайырымдылыққа толы халықпыз. Біз енді алға дамудың жолын өзімізден іздейміз. Пифагордан бастап, бәрінен іздеп көрдім, айналып келіп өзіміздің әл-Фарабиден таптым, Абайдан таптым.

ЖАСАН ЗЕКЕЙҰЛЫ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, НҰР-СҰЛТАН Қ. САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

 - «Болашаққа бағдар – «Рухани жаңғыру» Елбасының, қазіргі Президентіміздің «халыққа жақын қоғам құру» жөніндегі идеялары осы кітапқа кіргізілді. Бұның негізгі түйіні Абай атамыз айтады «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» дейді, яғни адамдардың жүрегінде имандылық, бір-біріне деген мейірімділік ұяламай, ешқандай ізгілікті көре алмаймыз.

Айта кетейік, бұл кітаптың жарыққа шығуына «Отандастар қоры» қолдау білдірген. Үзбен Құрманбайұлы бұған дейін «Оралған бақыт, орындалған арман», «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы», «Ақиқат», «Ерлік пен елдік» сияқты кітаптар, 60-қа жуық мақала жазып, көпшілік назарына ұсынған. Қаламгердің әрбір еңбегі оқырман қауымнан оң баға алып келеді. 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов