Зымыраған заманда көзден таса кетіп жатқан шаһардың ескі кейпі мен тыныс тіршілігінің көріністері. Қазақстандық суретшілер Нұр-Сұлтан қаласын өзге қырынан танытуды қолға алды. «Көрінбейтін қала» атты көрмеде 5 бірдей көркем өнер шеберінің ерекше туындылары қойылған. Көрермен назарына түрлі үлгіде жасалған еңбектер ұсынылып отыр.
Мұнда digital art, sound art, жібек графикасы мен әр қилы инстоляциялардың қыр-сырына қанығуға болады. Олардың бірінде өз қолдарымен жасаған өнімдер сатып тұрған ата-әжелер көрініс тапса, енді бір еңбектерде заманауи зәулім ғимараттардың құрылысы немесе қаланың қызған тіршілігі бейнеленген. Жастардың үміті мен орындалған армандары, жеткен табыстары сынды тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһардың айшықты оқиғаларының денін осы жерден табуға болады. Сондай-ақ көптің назарына ілікпей жататын көріністер шеберлердің қырағы көзімен берілген. Көрме 20 тамызға дейін «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасынан орын тепті.
Айсұлу Шәйкенова, суретші:
- Әдетте көбі қаланы тек заманауи ғимаратары бар ресми орын ретінде ғана таниды. Елордаға табысты жұмыс көзі ретінде қарайды. Сондықтан біз еңбектеріміз арқылы көрерменге көптің көзіне шалына бермейтін қаланың өзге қырларын ашуды мақсат тұтқан едік. Мәселен, менің жұмыстарым Талдыкөл жайында сыр шертеді. Оның барын бәрі бірдей біле бермейді. Оның маңында құрылыс жұмыстары жоспарланған. Сондықтан өз еңбектерім арқылы қағамның назарын осы мәселеге аударғым келді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов