Nomad Stunts Netflix киностудиясының жаңа жобасына шақырту алды

Жаһанға танымал Nomad Stunts халықаралық каскадерлар тобы Netflix киностудиясының жаңа жобасында трюктер қояды. Стриминг қызметі Әмір Темірдің мықты көшбасшы және дарынды әскери стратег ретінде қалыптасу кезеңін бейнелейтін тарихи фильм түсіреді. Әлемге әйгілі онлайн-кинотеатрға арналған толықметражды тарихи фильмнің түсірілімі 2023 жылдың сәуір-мамыр айларында, ал дайындық кезеңі қаңтар-наурыз айларында өтеді. Экстерьер түсірілімдердің басым бөлігі Қазақстанда, ал интерьер түсірілімдер Өзбекстанда жүргізіледі деп жоспарланған. Фильмді түсірушілер жобаға операторлар мен костюмерлерден бастап, әкімшілік қызметкерлерге дейін қазақстандық мамандарды жұмылдырмақ.

Жайдарбек Күнғожинов, Nomad Stunts халықаралық каскадерлер тобының жетекшісі:

-Мен оларды фильмді елімізде түсіруге көндірдім. Себебі мен үшін жобаның Қазақстанда өтуі маңызды. Әсіресе осындай жауапкершілігі мол картиналардың Қазақстанда түсірілуі біз үшін серпіліс болады деп ойлаймын. Осындай жауапты істе табысқа жетіп жатсақ, бізге америкалық платформаға жол ашылады. Оларды біздің түсіру орындарымыз қызықтырады деп үміттенемін, себебі, шынымен де локация өте әдемі. Сондықтан мен үшін осы жерде бар күш-жігерімді, мүмкіншілігімді толықтай көрсету, трюктерді жақсы орындап шығу өте маңызды. Біз актерлерді физикалық тұрғыда дайындап, семсерлесуге, атқа мінуге дайындаймыз. Речет қолданған кезде бірден дублерлер таңдап, трюктерді орындаймыз. Біз трюктерді тез және тиімді орындап, бар жоғы 1 айдың ішінде экшнді толығымен түсіруіміз керек.

Айта кетейік, бұл – Nomad Stunts тобының фильмографиясындағы Netflix үшін дайындалған үшінші жоба. Бұған дейін қазақстандық каскадерлер «Марко Поло» және «Корольге хат» сериалдарының түсіріліміне қатысты. Олар, сондай-ақ, HBO мен Apple TV+ сервистері және Disney, Universal студияларымен жұмыс жасайды.