Қазақстан еуропалық инвесторлар үшін Орталық Азиядағы негізгі бағыт. Кәрі құрлық елдері энергетика, көлік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару мен АІ бағытында бізбен әріптестік аясын кеңейтуге ниетті. Бұл жөнінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен «Қазақстан-Еуроодақ» диалогтік платформасының 18-ші отырысында айтылды. Жиында еуропалық әріптестер Қазақстан инвестициялар бойынша көш бастап тұрғанын алға тартты. Бұны елімізде инвесторлардың мүдделерін қорғау мен бизнесті қолдауға жасалған тиімді жағдайлармен байланыстырады. Үкімет басшысы Қазақстан өзара әріптестікті тереңдетуге мүдделі екенін атап өтіп, еуропалық бизнесті елімізде өндірісті локализациялау мақсатында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Айта кетейік, биыл тоғыз айда Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 33 млрд доллардан асқан. Ел экономикасына еуропалық инвестициялар ағыны 4,2 млрд долларға жетті. Жалпы бүгінде республика аумағында еуропалық капиталдың қатысуымен 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

