Қазақстан Жапонияға жылқы еті мен қамбар ата төлдерін жеткізуге дайын. Күншығыс елінің екі бірдей компаниясы жылқы және оның өнімдерін бізден тасымалдауға ниетті екендерін білдірді. Алғашқы кәсіпорын өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін импорттаумен айналысады. Ал екіншісі дәстүрлі жапон тағамы – сашими – әзірлеуге қажетті ет өндірісіне маманданған. Астанада тараптар арасында келіссөздер жүргізілді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қазір өз өнімдерін Жапонияға экспорттауға құқығы бар 47 отандық кәсіпорын тіркелген.
Мерей Баймұратов, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және
қадағалау комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Қазақстандық тарап экспортқа жан-жақты қолдау көрсетуге
дайын екенін жеткізді. Екі жақ та ақпарат алмасудың және халықаралық
стандарттарды қатаң сақтаудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі
таңда Қазақстан мен Жапония арасында ветеринарлық-санитарлық талаптар мен
бізден күншығыс еліне жылқы еті
экспортына қатысты ветеринарлық сертификаттар келісілгенін атап өту қажет.
Қазақстаннан жылқы етін жеткізуге Франция елі де мүдделі. Былтыр тараптар арасында тиісті келісімге қол қойылды. Айта кетейік, өткен жылы республика жалпы құны 2 млн долларға шамамен 6 жарым мың жылқыны сатты. Олардың басым бөлігі Өзбекстанға жөнелтілді. Сондай-ақ, отандық қамбар ата төлдерін Ауғанстан, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері және АҚШ импорттайды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

