Жаңа жыл жақын қалды. Қазақстандықтар мерекеге қызу дайындық үстінде. Тұрғындар үйлеріне шырша қойып, безендіруді дәстүрге айналдырған. Бүгінде нарықта қылқанжапырақты осы ағаштың түр-түрі бар. Классикалық, ультракреативті, тірі және жасанды үлгілері көп кездеседі. «Қазақстандықтар арасында негізінен нағыз қарағай мен шырша жоғары сұранысқа ие. Олар шетелдік тәлімбақтардан жеткізіледі. Шырша құны 5-15 мың теңге аралығында», - дейді сатушылар. Ағаш неғұрлым биік болса, соғұрлым бағасы да жоғары. Биылғы қыстың басты хиті – құмыраға отырғызылған тірі Сібір шыршалары. Көлеміне қарай жалға алу құны 18 мың теңгеден басталады.
Ерлан Әлімбаев, сатушы:
- Бағалар аз да болса өсіп, тасымалдау құны артты. Сонымен қатар Ресейде баға көтерілді.
Биыл жасанды жаңажылдық шыршалар қымбаттаған. Оның құрамында зиянды формальдегидтер мен фенолдың болмауы маңызды. Жасанды ағаштардың бағасы 50-60 мыңнан басталып, жарты миллионға дейін жетуі мүмкін.