Бүгін
елде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Бірінші кезең қыркүйекке дейін
онлайн режимде жүргізіледі. Өткен жылдардағыдай цифрлық технологияларды
енгізудің арқасында деректерді өңдеу жеделдейді, дейді ұлттық статистика
бюросы. Ауыл шаруашылығы құрылымдары сауалнама сұрақтарына Sanaq.Gov.kz.
сайтында өз бетінше жауап бере алады Барлығы 20 мыңнан астам кәсіпорын мен 280
мыңға жуық шаруа қожалығын, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерді қамту жоспарланып
отыр. Ауылдық жерлерде тұратын респонденттер әкімдіктер мен аудандық статистика
бөлімшелері ұйымдастырған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады.
Республика бойынша 2700-ге жуық мұндай орталық бар. Бұдан басқа, санақ кезінде
туындайтын барлық сұрақтарды тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай байланыс орталығы
арқылы шешуге болады. Айта кетейік, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы БҰҰ-ның
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 10-шы Дүниежүзілік ауыл
шаруашылығы санақ бағдарламасы аясында өтеді.
Әсел Шәуенова, Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары:
– Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы қолжетімді болады. Біреуі-ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін, екіншісі — баубақшасы, бақшасы немесе малы бар үй шаруашылықтары үшін. Сұрақтар жерді пайдалану, техниканың болуы, малды күтіп-ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу, сондай-ақ еңбек жағдайларына қатысты. Сайтта кеңестер енгізілген, бөлімдерді толтыру бойынша егжей-тегжейлі бейне нұсқаулық орналастырылған, сондай-ақ сұрақтарға бірден жауап беретін арнайы әзірленген Sanaq мырза чат-боты жұмыс істейді.
Ұлттық статистика бюросының айтуынша, онлайн сауалнамадан
өтпегендер офлайн режимінде қатыса алады. Оларға арнайы мамандандырылған
сауалнамашылар келеді. Санақтың алдын
ала мәліметтерін желтоқсан айында, ал соңғы мәліметтерді 2026 жылы ұсыну
жоспарланып отыр.

