Қазақстанда мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай жүйесі құрылады. Жалпыға бірдей ортақ бағдарлама балабақша жасынан бастап ересек адамдарды түгел қамтымақ. Оның негізінде жаңа буындағы оқулықтар шығарылып, заманауи әдістеме әзірленеді. Яғни қазақ тілінің қолданбалы цифрлық лингвистикасы жаңғыртылады. Жаһандану дәуірінде сырттан көптеп еніп жатқан сөздер мен терминдер жаңартылып, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейтіледі. Оқытудың ұлттық деңгейде жаңа стандарттары құрылады. Оның латын графикасындағы нұсқасы қатар әзірленеді. Жаңа жүйе 2023 жылы кең қолданысқа еңгізіледі деп күтілуде.
Ербол Тілешов, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры:
- Адамдардың қабылдауы басқаша болып жатыр. Осыдан 20 жыл бұрынғы ақпараттық кеңістік пен бүгінгі ақпараттық кеңістік бірдей емес. Соған байланысты инновациялық тәсілдерді қарастыру, әсіресе сол жобаларды сайттарға орналастыру, порталдар ашу, мобильді қосымшалар дайындау қажет, әр адам өз бетінше телефон арқылы үйрене алатындай жаңа форматқа көшу керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов