Жалған ақпарат таратқандар 7 жылға бас бостандығынан айырылады

«Коронавирусқа қарсы екпе салдырғандар ғарышта радиосигналдарды ұстай алады. Оның үстіне вакцинаға вирус жұқтырылғанымен қоса құрамында адамдардың барлық қимыл-қозғалысын бақылайтын чип бар». Індетке қарсы салынып жатқан вакцина жайлы ақылға қонымсыз осындай жалған ақпараттар халық арасында желдей есіп жүр. Олардың ешқандай ғылыми дәлелдемесі жоқ. Сонда да қауесеттер адамдарды дүрліктіріп, тез жайылуда. Жыл басынан бері Қазақстанда иммундау туралы жалған мәліметтерді таратқаны үшін 7 қылмыстық іс қозғалған. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қауесеттер вируспен күресте үлкен кедергі болады.

Нұрбол Тасмағамбетов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істері жөніндегі аға анықтаушы:

- 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Мұндай фактілерді анықтау үшін ішкі істер органдары бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет-ресурстарды үнемі қадағалап отырады. Осындай ақпаратты тарату жағдайларына және оның салдарына байланысты жаза түрі әртүрлі болып келеді.

Сондай-ақ ғаламтордың қазақстандық сегменті вакцина мен ПТР тестерінің жалған сертификатын сату мен сатып алу  туралы ұсынысқа толып тұр. Соңғысын қолдан жасау фактісі бойынша 25 қылмыстық іс қозғалып, 11 жалған иммунизациялау паспорты жойылған. Осындай заңсыздықтарды әшкерелеу жұмысы күні-түні жүргізілуде. Ал жаза сатушыларға ғана емес сатып алушыларға да бірдей қарастырылған.

Жалған құжат жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде, ал оны қолданғаны үшін 40 тәулікке қамауға алу түрінде қарастырылған. Сонымен қатар жалған құжат  жасатамыз деп  алаяқтардың құрбаны болуыңыз мүмкін.

Сондай-ақ қылмыс жасағаны үшін 6 млн теңгеге жуық айыппұл салынады. Немесе түзету жұмыстарымен жазаланады. Сондықтан мұндай қадамға бармас бұрын, құқық қорғау органдары жалған құжаттар алмауға немесе жалған ақпарат таратпауға, қылмыстық процеске араласпауға шақырады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева