Қазақстанның Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында үш бірдей жаңа әуежай бой түзейді. Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың әлеуетін ашып, аэровокзал кешендері мен әуе айлақтарын салуды тапсырған болатын. Бүгінде бұл жобаларды жүзеге асыру басталды. Бұл нысандар демалыс орындарының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, отандық және шетелдік туристердің ағынын арттыруға серпін бермек. Сондай-ақ, елдің туристік өңірлерініңдің экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді дейді, мамандар.
Сарсен Жарылғасов, ҚР Көлік министрлігі азаматтық
авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Қазірдің өзінде аталған әуежайлардың параметрлері белгіленді. Олардың жалпы ұзындығы 2,2 шақырым, ені 35 метр болмақ. Сағатына 150 жолаушыны өткізуге қабілетті болады. Олар «Qazaq Air» компаниясы пайдаланатын «Q400» әуе кемелеріне арналған. Яғни, болашақта Астана мен Алматыдан тікелей әуе қатынасы орнайды. Бүгінде осы әуежайлар орналасатын жер учаскелері анықталып, рәсімделді. Қазіргі кезде оларды жобалау құжаттамларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

