Ыстамбұлда «Qandastar» көптомдық туындысы жарық көрді. Журналист Гүлназ Кәрімжанның еңбегі тағдырдың айдауымен әлемнің әр қиырына шашыраған қазақ халқының жүріп өткен жолы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндайды. Атамекендегі айтулы күндерді қалт жібермейтін шетелдегі қандастарымыз тәуелсіздіктің 30 жылдығын саралап, ақ тілектерімен бөлісті. Жинақтың алғашқы бөлімі Түркияда тұратын қандастарымызға арналған.
Әбдіуақап Қара, Мимар Синан университетінің профессоры, тарихшы:
- Бұл кітаптың мәні ерекше, мен бір тарихшы ретінде айтайын. Сөз айтылып кетеді, жазу қалады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді. «Хат» деген сөз кітап дегеніміз. Бұл кітап келешек ұрпаққа Түркия қазақтарының мәдениетін, өмір-тіршілігін таныстырады. Кітап оқыған кісіге дүниежүзіндегі қазақтың мәдениеті ортақ екенін, қайғысы, қуанышы, мұңы, мақсат-мүддесі ортақ екенін әйгілеп отыр. Сонысымен де ерекше құнға ие деп ойлаймын.