Ерлан Қарин: Сайлау еліміздің даму болашағын айқындау үшін маңызды

Қазақстандықтар ел президентін таңдауда! Елордадағы сайлау учаскілерінде халық  қарасы қалың. Өз даусын беруге құқығы бар қалалықтар арасында жастардан бастап қарияға дейін бар. Олар отбасымен бірге азаматтық борышын өтеуге ағылуда. Әрбірі жасаған таңдауы еліміздің жарқын болашағына жетелейтініне сенімді.

Әйгерім Әкімжанова, тілші:

Біз қазір Ұлттық Академиялық кітапхананың қабырғасында орналасқан Астана қаласының 111-ші сайлау учаскесінде тұрмыз. Бұл участоктің есігі таңғы жетіде ашылды. Онда барлығы 2 жарым мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Дауыс беру барысы бақылаушылардың жіті назарында. 12 бақылаушының арасында Канада, Англия, Қытай және Ресей өкілдері бар. 

Осы учаскіде алғашқылардың бірі болып өзінің таңдауын жасаған мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, бұл сайлау науқаны саяси жүйенің жаңғыруына үлкен серпін бермек.    

Ерлан карин, ҚР Мемлекеттік  кеңесші:

Менің ойымша, өтіп жатқан сайлаулар еліміздің даму болашағын айқындау үшін де өте маңызды. Сондай-ақ, жаңа мемлекеттік жүйенің негізін қалауға мүмкіндік береді. Сондықтан бүгін барша қазақстандық өз сайлау учаскелеріне барып, конституциялық құқығын пайдалана отырып, азаматтық борышын өтеуі тиіс. Бұл еліміздің әрі қарай дамуына серпін береді.

Бақылаушылардың айтуынша, Астана қалалық 111-ші сайлау учаскесінде ешбір заңбұзушылық тіркелген жоқ.  Дауыс беру үрдісі белгіленген тәртіпте ұйымдасқан түрде өтіп жатыр.

Александра Осипова, байқаушы:

Бақылаушының міндеті – сайлау комиссиясының басшысы айтқандай, барлығын шынайы, ашық түрде жүзеге асыру, тікелей бақылау, яғни бізде сайлауға қатысқан адамдардың санын есептейтін арнайы жүйе бар. Яғни біз бюллетеньдерді сайлау жәшіктеріне салған адамдардың санын есептейміз. Жалпы, бәрі жақсы.

Әйгерім Тілеуғабылова, Астана қаласының тұрғыны:

Алда жақсылықтарды күтеміз. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа инвестиция ретінде қарап, олардың біліміне көп мән берілсе деймін. Біз дауысымыз елімізге өзгеріс енгізуге септігін тигізеді деп ойлаймын.

Айта кетейік, бүгін еліміздің бас шаһарында  барлығы 406 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.