Елордада «Бояу поэзиясы» көрмесі өтуде

Елордада «Бояу поэзиясы» көрмесі өтуде

«Бояу поэзиясы» мәнеріндегі 100 жарқын жұмыс. Елордада қазақстандық суретші Бақытнұр Бүрдесбековтың жеке көрмесі қанат жайды. Түстерді шебер ойнатып, сөйлете білген қылқалам шеберінің туындылары кез-келген жанды өзіне еріксіз баурап таңғажайып кескіндеме әлеміне сапар шектіреді.  Өнер майталмандарының айтуынша, суретшінің бірегей қолтаңбасын қанық және қарапайым боулардың үйлесімінен анық тануға болады.

Ерлан Айтуаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның көркемөнер Академиясының Академигі:

– Бақытнұр Суретші ретінде технологиялық немесе  кескіндеме өнерінде болсын, жан-жақты дамыған, көп қырлы хас шебер екені даусыз.   Ол өнер жолын акварельден бастады. Неге дейсіздер ғой? Менің ойымша, акварель оның әлі күнге дейін сүйікті бояуы болып табылады.  Өйткені ол өзінің барлық жан-дүниесінің лирикалық ойларын, танымдарын сол арқылы  көпшілікке жеткізе біледі.  Ол өте иілгіш, түрлі образдар құру үшін тиімді  материал. Тез таралады, жиналады, ол нәзік әрі жұқа.  Сонымен қатар ол майлы бояулармен жақсы жұмыс жасайды.  Өмір бойы өзін жетілдіріп сюрреализмге ұқсас модернизмге келді.

Суретшінің шығармашылығы әлем бойынша көптеген өнер сүйер қаумының жүрегін баурап алды. Бақытнұр Бүрдесбеков көптеген танымал халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы.

Бақытнұр Бүрдесбеков, көрме авторы, суретші:

–  Қазіргі уақытта  менің көрмем Берлин қаласында өтіп жатыр. Ол өткен ақпан айының 4-де ашылған болатын. Барлығы 30 жұмысым қойылды. Екі мәрте Америкада және бірнеше рет Францияда өз өнерімді таныттым. Сондай-ақ, Англия, Белгия тіпті Японияда болдым. Соңғы көрмем Корея елінде өтті. 

Көздің жауын алар пейзаж, натюрморт, портреттер мен ұлттық нақышта салынған тарихи туындылар. Ұйымдастырушылар, Ұлттық музейде орын тепкен көрме бір ай бойы жалғасатынын айтады.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов