Қазақстандық режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» көркем фильмі Үндістандағы 26-шы Халықаралық кинофестивалінің «Әлемдік кино» секциясында көрсетіледі. Дәстүрлі форматтағы шара Үндістанның Керала штатында 18-25 наурыз аралығында өтеді. Бұл туралы «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі хабарлады.
«Мұқағали» туындысында аты аңызға айналған қазақ ақынының өмірінің соңғы жылдары баяндалатынын айта кеткен жөн. Таспаның әлемдік премьерасы 25-ші Таллин кинофестивалінде өтті. Тіпті туынды аталмыш кинофестивальде қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болған еді. Өмірбаяндық драма 2021 жылдың қазан айында қазақстандық аудиторияға жол тартып, бірден көрерменнің назарын аударды.
Айта кетейік, Үндістандағы кинофестиваль бағдарламасына Берлин және Канн форумдарының жүлделі фильмдері, сондай-ақ басқа да беделді халықаралық кино марапаттарының лауреаттары кірді. Шарада әлемнің 180 картинасы көрсетіледі.