Үлкен теннисте сүйінші жаңалық! Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Париждегі халықаралық жарыста «Үлкен дулыға» турнирінің 23 дүркін чемпионы, америкалық Серена Уильямсті ұтты. Бұл қос спортшының бірінші ойыны болатын. Жеңіс үшін біздің спортшыға 1 сағат 18 минут жеткілікті болды. Рыбакина матчты қарқынды бастап, суырылып алға шықты. Тек екінші сәтте тәжірибелі қарсыласы таразы басын теңестірді. Дегенмен келесі ойында біздің спортшымыз айласын асырып, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Рыбакина спорттық жолында бірінші рет "Ролан Гаррос" турнирінің ширек финалына өтті. Енді ол жартылай финал жолдамасын ресейлік Анастасия Павлюченковамен сарапқа салады.
Елена Рыбакина, қазақстандық теннисші:
- Бүгінгі матчқа көңілім толады. Әрине, кордқа келе жатқанда бәрі бұлай болады деп ойламаппын. Жаттықтырушым екеуміз жоспар құрдық, соны ұстануға тырыстым. Көбін менің эмоциям қызықтырды. Әдетте мен ішкі сезімді көрсетпеуге тырысамын, бірақ шынымды айтсам толқып тұрмын. Жалпы, өте байсалды адаммын.
Шахматшы Жансая Әбдімәліктің жетістігі де ел беделін халықаралық аренада асқақтатқан елеулі оқиға. Ол алғаш рет ерлер арасында халықаралық гроссмейстер атағын жеңіп алды. Бұл үшін қазақстандық шахматшы Халықаралық Шахмат Федерациясының үш бірдей талабын асыра орындады. Сондай-ақ Гибралтардағы FIDE Women’s Grand Prix турнирін мерзімінен бұрын жеңіп алып, 2 500 пункттен асатын көптен күткен рейтингке қол жеткізді. Осылайша, отандық шахматшы әйелдер арасында да, ерлер арасында да халықаралық гроссмейстер атағына ие болған Орталық Азияның алғашқы өкілі атанды.