Жолдау кезінде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі де сөз болды. Осы орайда қауіпті індетпен күрестегі Қазақстанның рөлі де айтылды.
«Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев осы орайда Қазақстанның ковидке қарсы вакцинаны алғаш болып тапқан санаулы елдердің бірі екендігін де еске салды.
«Біз індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті», – дегенді қосты.