V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілуден Қазақстан құрамасы абсолютті чемпион атанды. Ат үстінде ойналатын көне спорттың «Бес белес» пен «қос құлаш» және «жеті құт» сайыс түрлерінің бәрінен алаң иелері көш бастап алтын медаль жеңіп алды. Бұл ретте айта кетерлігі қазақтың ұлттық теңге ілу жарысы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына биыл алғаш рет еніп отыр. Бірінші дода 13 елден 31 сайыскердің басын қосты.
Бақыт Төлтай, теңге ілу бойынша чемпион:
– Көшпенділер ойынын күткенімізге көп болды, қаншама ел жүр. Біз жақсы нәтижемен өттік. Бәсеке жақсы болды, Қырғызстан, Өзбекстан бәрі мықты дайындалып келген. Жыл басынан дайындалып бірінші орын алдық, қазақтың намысын қорғап қалдық.
Мохаммед Рехануддин, Көшпенділер ойындарының қатысушысы, Бангладеш:
– Теңге ілу жарысына алғаш рет қатыстым. Сондай-ақ тоғызқұмалақ ойынында сегізінші кезеңге дейін жеттім. Мен үшін Көшпенділер ойындарына қатысу үлкен мәртебе.