Еліміздің үздік
сахна саңлақтары анықталды. Өнер майталмандарына «Umai» ұлттық сыйлығы
табысталды. Өнер бәйгесі кәсіби шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың
еңбегін елеу қамында былтырдан бері қолға алынғанын айта кеткен жөн. Биыл жүлде
қоры қомақты - 79 млн теңге. Барлығы үш жүзден астам өтініш түскен. Тәуелсіз
сараптау комиссиясы ақтық сынға 114 үміткерді лайықты деп шешті. Араларынан тек
29-ерекше құрметке бөленіп, арнайы сыйлықтың иегері атанды. Әрбіріне «Umai»
мүсіншесі және ақшалай сыйлық бұйырды. Үздіктер негізгі төрт аталым бойынша
сараланды. «Театр өнері», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер»,
«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» номинацияларының жеңімпаздары анықталды.
Сондай-ақ, биыл жаңадан бірқатар арнайы жүлде тағайындалды. Қазылар алқасы «Жыл жаңалығын» таңдады.
Сәуле Маулетова, «Umai-2023»
ұлттық өнер сыйлығын ұйымдастыру комитетінің мүшесі:
- Өткен жылы тек
балаларға арналған спектакль болса, биыл арнайы жүлде ең керемет әнші, ең үздік
биші, ең жақсы балалар спектаклі және үлкен формалы спектакль. Іріктеу кезеңінде міндетті түрде 2021, 2022
және 2023 жылдары шығарылған жаңа жұмыстар, өнер саласында орындалған сомдалған
партиялар, тек қана премьералық спектакльдерге мән бердік.
Бибігүл Жанұзақ, «Астана
Опера» театрының солисті, «Жыл жаңалығы» аталымының жеңімпазы:
- Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсын
ұсындым. Бұл опера өте күрделі, өте қиын, әйел даусына өте жоғары орындаушылық
диапазонды қажет етеді. Ендігі осы «Астана Операда» болашақта Джакомо
Пуччинидің «Тоско» операсын орындағым келеді. Қазір соны дайындап ізденіс
үстіндемін.