«Qolda» жобасы белгілі бағыттарды қаржыландырады

«Qolda» жобасы белгілі бағыттарды қаржыландырады

Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, экоеріктілікті дамыту, және қаңтар оқиғаларының салдарынан зардап шеккен әлеуметтік нысандар мен қираған қалаларды қалпына келтіру. Бұл – «Qolda» жобасы қаржыландыратын негізгі бағыттар. Гранттар байқауының 4-ші кезеңіне елімізде тіркелген мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан берілген өтінімдер қабылданады. Ұйымдастырушылар биылдың сәуір-қазан айлары аралығында жүзеге асыру көзделген барлығы 11 бастаманы қолдауды жоспарлап отыр. Өтінімдерді қабылдау 28 ақпанға дейін жалғасады. Нәтижелері 18 наурызда жарияланады.

Әлия Исаева, «Qolda» жобасының менеджері:

- Біз елімізде орын алған оқиғаларға немқұрайлы қарамай, дереу әрекет етуге тырысамыз. Азаматтық қоғам ретінде қандай үлес қоса аламыз? Осы сұрақ бойынша үш бағытты таңдадық. Олар экономикалық, экологиялық, сондай-ақ карантиннің салдары. Бұл орайда ұсынылған жобалар цифрлық технологиялар мен адвокатураны қамтуы тиіс. Бізге түрлі қаладан өтініштер келіп түсуде. Байқауға көптеген үкіметтік емес ұйым қызығушылық танытып, өз үлесін қосқысы келетіні қуантады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін жобаның үш кезеңі жүзеге асырылған. Олар белгілі бір мәселелерді шешуге бағытталған. Алғашында елорда және Алматы қалаларында COVID-19 пандемиясының теріс әсерін барынша азайтуға қатысты бастамалар қаржыландырылды. Кейін  қатерлі індет өршіген кезде халықты қолдау мен еріктілікті дамытуға ден қойылды. Үшінші кезеңде азаматтық қоғамның төтенше жағдайларға тиімді әрекет ету қабілетін арттыруға басымдық берілді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов