Қазақстандық сарбаздар әскери ойындарға дайындалып жатыр

Қазақстан Қарулы күштерінің сарбаздары тамыз айының соңында өтетін әскери ойындарға дайындықты бастады. Айта кетейік, еліміз әскерилер арасындағы байқауды қабылдайтын елдердің қатарында. Басым көпшілігі Ресей, Қытай, Иран және Беларусь Республикасында өтеді.

Сарбаздар сынға түсетін маңызды бәсекенің бірі «Сұңқар аңшылығы» деп аталады. Онда ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары жарысады. Қазақстандық команда қазір «Мәтібұлақ» полигонында жаттығып жатыр. Еске салайық, елде «Шағала» деген атау берілген барлау аппараты жасалған. Жуырда ұшу аппараты тәжірибелік сынақтан өткізіледі.

Нартай Ахмет, №14157 ә/б аға маман – метеобақылаушысы:

- Қазіргі заманғы қарулы жанжалдарды талдау ұшқышсыз авиация қарсы тұратын тараптар белсенді қолданатын перспективалы қару-жарақ екенін көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, ұшқышсыз ұшу аппараттары әскерлердің ұтқырлығы мен жауынгерлік мүмкіндіктерін арттырып, қолбасшылыққа әскерлерді анағұрлым ұтымды пайдалану үшін жағдайды жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.