Елордадағы ЕХРО алаңында Рим папасының қасиетті мессасы өтті. Тарихи маңыздағы оқиға 10 мыңға тарта адамның басын қосты. Елордаға республиканың түкпір-түкіпірінен, сондай-ақ, Германия, Австрия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия мемлекеттерінен ғибадат етушілер, дін өкілдері арнайы келді. Мессаны бастамас бұрын Понтифик көлігімен адам қатарын аралап, жиналғандарды қол бұлғап, қарсы алды. Рәсім латын, қазақ және орыс тілдерінде оқылғанын атап өткен жөн. Мессаға жиналғандар бейбітшілік, сүйіспеншілік және әділеттік үшін дұға тіледі. «Бұл құндылықтарға мәңгілікке ие болу мүмкін емес. Олар үшін күнделікті түрде күресу қажет. Ал алдағы уақытта Қазақстан бауырластық пен диалогта, түсіністікте одан ары дамуы үшін, өзге халықтармен ынтымақты әріптестік көпірін орнату үшін жалпыға ортақ күш салу керек», - деді Рим Папасы Франциск. Понтифик уағызынан кейін Қазақстанға қасиетті мессаның құмырасын тарту етті.