Ұлыбританияда қазақтың халық әндері мен күйлері әуеледі. Ағайынды Аида және Азамат Жаханбектер Сомерсет графтығындағы Крукерн қалашығында өнер көрсетті. Британиялықтар «Қос арна» дуэтінің орындауында Абайдың, Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдады.
Стив Браун, көрермен:
- Бір қызығы қазақ музыкасының бізде де бар мен білетін фольклорлық музыкамен ұқсастығын байқадым. Мысалы, ирландиялық аспаптардың үнімен үндес келетіндігі таңғалдырады.
Ин Трайб, «Әулие Варфоломей шіркеуінің достары» ұйымының төрағасы:
- Мен бұған дейін ешқашан қазақ музыканттарының өнерін тамашаламаппын. Олар өте керемет аспаптарда ойнады. Сыртқы пішіндері де ерекше. Біреуі, мысалы, түйенің терісінен жасалған екен.
Сонымен қатар XIX ғасырдың ортасында қазақ даласында дүниеге келген Алатау Тамшыбұлақ Аткинсонның «Рождество қоңыраулары» атты өлеңіне жазылған әннің әлемдік тұсаукесері өтті. Автор – еуропалықтардың арасында алғашқылардың бірі болып Қазақстанды зерттеген белгілі саяхатшылар Томас және Люси Аткинсондардың ұлы. 125 жыл бұрын дүниеге келген өлеңнің әуенін белгілі британиялық композитор әрі пианист Майкл Цисани-Уиллс жазған.
Майкл Цисани-Уиллс, композитор:
- Әлбетте әннің ең маңызды бөлігі қазақ өнерімен тікелей байланысты. Аида мен Азамат мені ғажайып домбыра және жетіген үнімен таныстырды. Сөйтіп мен рождестволық әнде сол аспаптарды пайдалануға тырыстым. Нәтижесінде қазақ, гавай және ағылшын мәдениеттерін тоғыстырған шығарма дүниеге келді.
Айта кетейік, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі қолдау көрсеткен шарадан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалмақ.