Елордада ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 15 жобасы ұсынылды. Білім және ғылым министрлігін, Ғылым қоры және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған іс-шара ғалымдармен бірге, әлеуетті инвесторларды бір алаңға жинады. Отандық ғалымдардың тың өнертабыстарымен тілшіміз танысып қайтты.
Мына бір жобаның ғылыми-зерттеу жұмыстары 2007 жылы Жаңа Зеландияда бастау алған. Алайда, тек енді ғана Қазақстанда жүзеге асырудың мүмкіндігі туған. Ғалым Прашат Джамвал өзінің ойын Назарбаев Университетінің студенттерімен бірге іске асырды. Жоба нейро интерфейс бағдарламасының негізінде жасалды. Ол ой арқылы экзоскелетті қолдануға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, құрылғы ми сигналдарын оқиды және инсульттан аман қалған науқастарды оңалтуға көмектеседі.
Прашант Джамвал, Назарбаев Университетінің профессоры:
Біздің өнертабыс шетелдік баламалы түрлерімен салыстырсақ әлдеқайда қол жетімді. Сондай-ақ, оның механизімін жетілдірдік. Есесіне салмағы да жеңілірек. Біз оны Қазақстан нарығына шығаруды көздеп отырмыз. Өйткені жергілікті клиникалардан сұраныс бар. Бағасы да қымбаттап барады. Егде жастағы мүгедектікке шалдыққандар саны да жыл сайын артып келеді. Сондықтан да, Назарбаев Университетінің базасында осындай жобаны әзірлеп шығардық. Енді оны өндіріс жолына қою үшін бизнес-серіктес іздеп жатырмыз. Осы мақсатпен келдік.
Мұнда бизнес серіктес іздеп келген өзгеде өнертабыс иелері бар. Олар төл бастамалары елдің медицина, ауыл шаруашылығы сынды түрлі салаларын жетілдіруге сеп болатынына сенімді. Бұндай ғылыми жобалар аз емес. Ендігі мақсат олардың коммерциялық құндылығын есептеп, қоғамға тиер пайдасын дәлелдеу.
Құрманғазы Омаров, Ғылым қоры АҚ инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры:
Барлығы 50 жобаның ішінен үздік 15-сі іріктеліп алынды. Біз өткен қыркүйек айынан бастап онлайн-пичтер өткіздік. Онда бизнес – жаттықтырушыларды тарттық. Сарапшылар келіп түскен жобаларды саралап, арасынан ең жақсыларын таңдап алды. Арнайы талаптар қойылды. Оның ішінде коммерциялық тартымыдылығы ескерілді әрине. Қазір үздік бастамалар бизнес-бапкерлердің сүйемелдеуімен пысықталып жатыр. Маркетингтік және қаржылық зерттеулер жасалды. Ең бастысы жобаның қоғамға барынша шарапаты тиюін негізге алдық.
Айта кетейік, жобаларды жүзеге асыру үшін ғалымдарға үш жүз миллион теңгеге дейін ақшалай демеу жасалады. Жақында қазақстандық өнертабыс иелеріне арналған гранттық қаржыландыру байқауы басталады. Бұл жолы жалпы жүлде қоры 17 миллиард теңгеден асады. Осылайша, ғалымдардың 100-ге жуық бастамасы қаржыландырылмақ. Дегенмен, биылғы конкурста жаңа шарт бар. Оған сәйкес, бизнес-серіктес тарапынан жобаның жалпы құнының кемінде 20%-ті қаржыландырылуы тиіс.