Үміткерлер «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» сынды төрт номинация бойынша анықталады. Әр аталым жеңімпазына 4 млн теңге сыйақы және «Президенттің арнаулы әдеби сыйлығының лауреаты» атағы, диплом мен төсбелгі беріледі. Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы жас қаламгерлер қатыса алады. Өтінімдерді қабылдау 1 маусымда қағаз және электронды түрде басталып, 30-да аяқталады. Басты шарт – ұсынылатын жұмыстар жаңа, бұрын республикалық және халықаралық байқауларға ұсынылмаған болуы керек. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, әдеби сыйлық дарындарды қолдау және авторлардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатын көздейді.
Ақтілек Тәжі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл сыйлық жас авторларды қолдау ғана емес, қазақ тіліндегі контентті арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мәдениет және спорт министрлігі драматургтеріміздің өсіп-жетілуіне көп кеңіл бөліп келеді. Спектакльдер көбірек қойылуда. Осы марапаттың арқасында драматургтеріміздің жаңа тобы құрылып, олардың шығармалары да театрларымызда сахналана бастайды деп үміттенеміз.