Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында Алтын Орда дәуіріне жататын кесене табылды. Археологтар тарихи ескерткішті XIV ғасырға жатқызып отыр. Оба орнынан отырықшы мәдениеттің ізін анық аңғаруға болады. Мәселен, күйдірілген қызыл кірпіш сол кездің өзінде сәулет-құрылыс саласының жақсы дамығанына дәлел. Ал әсем әдіптелген ақық моншақ зергерлік өнердің өрістегенін байқатады. Кесенеге жапсарлас салынған ғимараттан да біраз жәдігер табылды. Ғалымдардың болжауынша, кесенеге ұзын бойлы ересек ер адам жерленген.
Асхат Бисенғалиев, археолог:
- Сондай-ақ жылқының 4 басы және қойдың сүйектері табылды. Бұл құрбан шалу рәсімінен қалған болуы керек. Ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін зерттеу біз үшін өте қызық. Мектеп кезінде мұның бәрін суреттен ғана көретінбіз, ал қазір өз қолымызбен қазып, өз көзімізбен көріп отырмыз.
Кесене төртбұрыш пішінді. Кірпіштердің беткі қабатында әртүрлі формадағы адам қолының іздері анық байқалады. Археологтардың пайымдауынша, ол қабырға мен күмбезге, іргетас пен еденге пайдаланылған тастарды сұрыптау үшін қажет болған. Айта кетерлігі, тәуелсіздіктің 30 жылында аймақ археологтары 2 мыңнан аса тарихи ескерткішті тауыпты.
Яна Лұқпанова, облыстық Тарихи-өлкетану музейі тарих және археология бөлімінің ғылыми қызметкері:
- Сенсациялық ескерткіштер қазылып табылды. Онда қалашықтар, обалар, кесенелер бар. Жайық қалашығын да айтуға болады. Осының барлығы археологтардың тәуелсіздіктің 30 жылдығына қосқан үлесі деп есептеймін.
Бұған дейін дәл осы Теректі ауданы аумағынан табылған Тақсай ханшайымы қорған кешені Қазақстанның киелі орындарының қатарына енген. Енді бұл кесене де есепке алынып, мемлекет тарапынан қорғалмақ.