Жергілікті атқарушы органдарға қуат үнемдеу бойынша 3 жылға арналған жол карталарын қабылдау және іске асыру құзыретін беру. Мәжілісте осы ұсыныс көзделген тиісті заң жобасы қаралды. Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бүгінде осыған бағытталған нақты бағдарламалар жоқ. Сондай-ақ құжатта елдегі тұтыну көлемінің үштен бірі тиесілі ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты тұлғаларды енгізу ұсынылады. Олар энергия менеджерлерінің қызметін атқармақ. Сала сарапшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететін энергия аудитінің сапасы жетілдіріледі. Энергия аудиттерін толық мақсатты және жедел энергия аудиті етіп жіктеу қарастырылған. Жеке сектор үшін ақпарат тізбесін оңтайландыруға басымдық берілмек. Ал мемлекеттік секторды автоматтандырылған жылу пунктімен қамтамасыз ету көзделеді. Заң жобасында энергия тиімділігіне қойылатын бірқатар талаптар күшейтілмек.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Энергия үнемдеудің елеулі әлеуеті бар бюджет секторын реттеуді күшейту және бюджет шығындарын азайту мақсатында келесі құралдар ұсынылды. Ол мемлекеттік мекемелерде энергия үнемдеуді қамтамасыз ететін, сонымен бірге энергия тұтынатын жабдықтар нарығын қайта құруға серпін беретін тиімді мемлекеттік сатып алуды енгізу. Энергия тұтыну нормативтерін қабылдау, олардың сақталуына мониторинг жүргізу, бенчмаркинг және энергия тиімділік бойынша тиісті ұсынымдар беру.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов