Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде Қазақстан павильоны Алтын белгімен марапатталды. Жүлде мәдени және ағартушылық бағдарламасы, сонымен қатар мәдени нысандарды қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін берілді. Марапаттау рәсімі «Халықтар достығы» фестивалі аясында өтті. Сондай-ақ, еліміздің павильонында қазақ тілін үйрену сабақтары, тоғызқұмалақ пен шахмат жарыстары, түрлі шеберлік сыныптар ұйымдастырылды.
Игнат Жолобов, ХШЖК стратегиялық даму департаменті басшысының орынбасары:
– Қазақстан павильоны көрменің дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды. Ол осы көрмедегі негізгі павильондардың бірі. Бұл – көпфункционалды кешен, қызықты экспозиция. Көрмені тамашалаушылар саны да көп.
Тамара Бабақова, «Қазақстан» павильоны бас директорының орынбасары:
– Жұмыс күндері шамамен 3-4 мың қонақ келеді. Кейде 6 мыңға дейін жетті. Ал 9 мамыр сияқты мерекелерде біздің павильон келушілердің саны бойынша рекордтық деңгейге жетті. Бізге 32 мың қонақ келді.