Достық үйлері қайырымдылық пен волонтерлікті кешенді дамытудың аймақтық орталықтарына айналады. Қоғамдық институттың алаңында жас ғалымдар мен кәсіпкерлер жалпы «елім» деген белсенді жастар бас қосып, тың әлеуметтік жобаларды қолға алатын болады. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Nur Otan» партиясы жанындағы жастар ұйымдары осы және өзге бағыттардағы игі бастамаларға негіз болатын ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл құжатта көзделген жоспар ауқымды, мақсаты айқын. Ол – «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел игілігіне жарайтын жобалар төңірегінде бірігу.
Асылжан Бүркіталин, «Jas Otan» ЖҚ төрағасының орынбасары:
- Маусым айында балалардың әрі қарай терең білім алуына, қосымша білім беру үшін волонтерлерді жұмылдыратын боламыз. Шілде айында волонтерлердің ең негізгі жұмысының бағыты - су жағаларын тазарту. Яғни экологиялық бағыттағы жұмыс болады. Одан кейінгі тамыз айындағы жұмысымыз – мектепке дайындық, «Мектепке жол» акциясы, балалардың қосымша білім алуына қатысты мәселелер. Осылайша әр айға тақырыптық бағыттар бойынша бөліп-бөліп қойған болатынбыз. Сол бағыттарға сәйкес, жыл соңына дейін жоспар бойынша жұмыс істейтін боламыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов