Ұлттық банк бүгін жаңа коллекциялық монеталардың сатылымын бастады

Монеталар Қазақстанның БҰҰ кіргеніне 30 жыл толуына орай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 30 жылдығына, ал, соңғы екеуі еліміздің Қытай және Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына арналған. Алғашқыларының таралымы 2 мың дана болса, соңғылары 1 мыңға көп. Бірегей монеталарды интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.

Алмат Басенов, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері:

- Бізге сыртқы істер министрлігінен өтініш келіп түсті. Сыртқы ведомствоның мәлімдемесінде осы елеулі оқиғалар жөнінде айтылған. Коллекциялық монеталар мельхиор қоспасынан жасалды. Сапасы proof-like. Бұл тиын соғудың аса жоғары сапалы әдісі екенін ерекше атап өту керек. Егер мұқият қарасаңыз бейнелердің күңгірт бетінде тағы бір жылтыр теп-тегіс бетті көресіз.  

Алмат Басеновтің айтуынша, монеталарға басылған бейнелердің өзіндік ерекше символикасы бар. Мысалы, «Қазақстан. БҰҰ. 30 жыл» монетасында  жұлдызшалар бейнеленген. Олар осы ұйымдағы барлық қатысушы елдердің теңдігін білдіреді.

Алмат Басенов, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері:

- Сонымен қатар Қазақстанның Қытай және Ресей елдерімен орнатқан дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толуына арналған мерейтойлық екі монетаны айналымға шығардық. Естеріңізде болса, 2021-ші жылы тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығын атап өткен еді. Ал, бұл оқиғалар сол атаулы датамен сабақтас екені белгілі. Егемендік алғанан кейін Қазақстан араға бір жыл салып көптеген елдермен ынтымақтастық құра бастады.

Сонымен қатар биыл Қазақстанның ұлттық валютасы теңгенің де мерейтойы аталып өтпек. Атаулы датаға орай еліміздің бас қаржы реттеушісі осы жылдың күзінде 2 жаңа коллекциялық монетаны айналымға шығарады.