АЭС бойынша референдумға 12 млн-нан астам қазақстандық қатыса алады

Республикалық референдумда жалпы саны 12 миллион 244 мың 683 адам АЭС құрылысын жақтап немесе қарсы дауыс бере алады. 6 қазанда елімізде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Ал өзінің дауыс беру аумағы туралы ақпаратты қазақстандықтар онлайн-сервистер мен байланыс орталықтарының көмегі арқылы біле алады. Бұған қоса референдум күні, уақыты, орны мен дауыс беру тәртібі көрсетілген шақыру жіберіледі. Процеске қатысты пайдалы сілтемелер QR-кодтармен де беріледі. Орталық Сайлау комиссиясы референдум барысын шетелдік бақылаушылар бақылайтынын хабарлады. Осы күнге дейін13 маман аккредитациядан өткен,  олар бір халықаралық ұйым мен бес шет мемлекеттің өкілі. Әзірге АҚШ, Түркия, Әзірбайжан, Молдова және Армения өкілдері келетіні белгілі.  Тіркеуге өтінімдер әлі де түсіп жатқандықтан тізім жаңартылатыны анық.  Сондай-ақ, сайлау комиссиясы бюллетеннің бекітілген үлгісін ұсынды. Қазақстандықтарға «иә, келісемін» немесе «жоқ, келіспеймін» деген жауаптары бар бір сұрақ қойылады.