Астанада WorldSkills Kazakhstan-2025 республикалық чемпионаты басталды

Астанада WorldSkills Kazakhstan-2025 республикалық чемпионаты басталды

Астанада мерейтойлық, 10-шы WorldSkills Kazakhstan-2025 республикалық чемпионаты басталды. Елорда алдағы 3 күнде кәсіби шеберліктің ірі алаңына айналады. Біліктілік бәйгесі еліміздің барлық өңірлерінен 800 астам қатысушы мен 700 астам сарапшының басын қосты. Білгенін сынаушылардың барлығыда  ел аумағындағы кәсіптік білім беруге бағдарланған оқу мекемелерінің  үздік студенттері. Жарысты ұйымдастырушылар биыл құзыреттіліктер саны 30-дан 45-ке дейін ұлғайғанын айтады. Биылғы жұмысшы кәсіптер жылы аясында сайыскерлер ақпараттық технологиялар, қызмет көрсету, құрылыс, көлік және техникалық мамандықтар сияқты нарықта сұранысқа ие салалар бойынша өз дағдыларын сынады. Бұл жолы Локомотив машинисті және IT-әзірлеуші сияқты бағыттар алғаш рет ұсынылды. Елдің салалық министрлігі чемпионат бағдарламасына технологиялық даму мен жасанды интеллект шешімдерін енгізуге бағытталған жаңа мамандықтарды қосуға басымдық берілгенін алға тартады. Ұлттық кезеңге тек өңірлік чемпионаттардың жеңімпаздары ғана жолдама алғанын айта кету керек.  Ал, республикалық жарыстың үздіктері Шанхайда өтетін WorldSkills - 2026 әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.

Әсет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:

- Жалпы, жұмысшы мамандықтары жылы аясында бізде барлық бағыттарда, оның ішінде сұранысқа ие мамандықтар тізімін жасақтап, оны өзектендіру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Жұмыс тобы IT саласындағы мамандықтарды саралап, жаңа кәсіп түрлерін енгізуді ұсынды. Мәселен елде заман ағымына сай озық технологияларды дамыту үшін колледж мамандықтарының қатарына жасанды интеллект технигін қосамыз. Яғни, ол автоматтандыруды енгізумен және жұмыс үдерістеріне жасанды интеллект элементтерін ендірумен тікелей айналысатын адам.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?