Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған жүзден астам қазақстандық жауынгердің сүйек қалдықтары Харьков облысынан табылды. Мамандар бұл 1942 жылы осы аймақта қанды қақтығыс кезінде ерлікпен көз жұмған «106-шы Ақмола» атты әскер дивизиясының сарбаздары болуы мүмкін деп отыр. Қазіргі таңда Харковьта еліміздің арнайы іздестірушілер тобы жұмыс істеп жатыр. 5 жылдан астам осы өңірде іздеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан украиналық әріптестер 500-ге жуық әскердің сүйегін қазып алған екен. Дегенмен әлі күнге дейін марқұмдардың есімдері анықталмаған.
Айта кетейік, Украина түбінде ұрысқа қатысқан көптеген жауынгердің ұрпақтары бүгінде Ақмола облысында тұрады. Олар ата-бабаларының мәйіттерін туған жеріне алып келіп, қайта жерлеуге болады деп үміттеніп отыр. Сонымен қатар бұл экспедиция Украинада жүргізілген еліміздің тарихи-мұрағаттық жобасының бірінші кезеңі болмақ.
Майдан Құсайынов, «Мемориалды аймақ» іздеу жасағының командирі:
- Іздеу жұмыстары кезінде ауқымды істің бір ғана бөлігін қамтыдық. Негізгі жұмыстың өзегіне әлі жеткен жоқпыз. 350 әскер ғана емес, он мыңдаған адамның сүйегі жатыр. Солардың жеке заттарынан бастап кім екенін анықтауымыз қажет. Алдағы уақытта украиналық әріптестерімізбен бірігіп мемориалды аймақ құрғымыз келеді.
Еркінбек Абдуллин, «Көкше іздеу» әскери-патриоттық іздеу клубының жетекшісі:
- Украинаның әдістемесін дұрыс деп санаймын. Себебі әрбір адамға таңба қояды, кейін қағазға түсіреді. Өздерінің әдістемесіне сүйене отырып, оны жаңартады. Қалай және қай жерде жатты, батыс па, шығыс па, оңтүстік әлде солтүстік пе? Осы сұрақтарды негізге алып, бағдарын анықтап бекітеді. Риза болуымның себебі де осы.