Бейжің Олимпиадасында 1 500 метр қашықтыққа шорт-тректен ерлер арасында жеңімпаздар анықталды. Бұл бәсекеде қазақстандық Әділ Ғалиахметов те бақ сынаған болатын. Жарыс қорытындысы бойынша, спортшымыз 8-ші орынға табан тіреді. Алтынды оңтүстіккореялық, күмісті канадалық, қоланы ресейлік спортшы жеңіп алды.
Әділ Ғалиахметов, шорт-трекші:
- Жанымда жүріп көмектескен барлық жаттықтырушы, массажист, құрама, спортсменге алғысым шексіз!
Шорт-тректен қазақстандық құрама командасы аралас командалық эстафетада сынға түсті. Мұз айдынына Абзал Әжғалиев, Яна Хан, Ольга Тихонова және Денис Никиша шықты. Ширек кезеңнің қорытындысы бойынша, спортшылар жартылай финалға жолдама алды. Ал барлық жарыстың қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы 5-ші орыннан көрінді. Трамплиннен секіруде жерлесіміз Шыңғыс Рақпаров 38-ші, он шақырымдық жарыста 41-ші нәтижеге қол жеткізді.