Қазақстан үкіметі қосымша өкілеттіктерге ие болды. Министрлер кабинеті енді жаңа заңдарды елде дағдарыс жағдайы орын алғанда Парламенттің келісімінсіз қабылдай алады. Мұндай актілер Сенат депутаттары мақұлдағанға немесе қайтарып тастағанға дейін уақытша қолданылады. Жаңашылдықтар туралы Әділет министрі Қанат Мусин айтып берді.
Қанат Мусин, ҚР әділет министрі:
– Егер экономика үшін, халық үшін, адамдар үшін қандай да бір күрделі салдардың туындауына жол бермеу қажет болса, Үкімет заң жобасын әзірлеп, оны Парламентке жібере алады, ал бұған дейін заңды күшіне ие болатын және осы қиын сәттерді тез реттейтін қаулы шығара алады. Егер парламент бұл заң жобасын қабылдамаса, тиісінше, Үкіметтің төтенше сипаттағы уақытша қаулысының күші жойылады.