Шикізатты игеруден бастап терең өңделген өнім шығаруға дейін. Қазақстанда сирек кездесетін металдар саласында өндірістік тізбектің толық циклі бар кластер құру үшін арнайы модель әзірлеу. Үкіметте өткен салалық кеңесте ел Премьер-Министрі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне осындай тапсырма берді. Сондай-ақ, Олжас Бектенов Ұлттық геологиялық қызмет базасында халықаралық аккредиттелген зертхана құру мәселесін пысықтауды жүктеді. Саланы дамыту Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға, технологиялар мен капитал тартуға, сондай-ақ экономиканың жаңа секторларындағы жеткізу тізбегіне қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, елімізде түрлі металдардың өндірісі жолға қойылған. Бұл қатарда бериллий, скандий, тантал, ниобий висмут, сүрме, селен алу технологиясы бар. Қазір елде литий кен орындарын игеру бойынша жобалар мен графит дайын өнім концентратын шығаруды жолға қою жоспарда бар. Осы айда Алматы облысында қуаты 3,3 млн тоннаға дейін жететін Бұғыты кен орнында вольфрам концентраты өндірісі іске қосылды. Жобаға салынған инвестицияның жалпы құны 350 млн долларды құрады. Жоспарда отандық қаржы институттарын тартып кең ауқымды және басқа да сирек кездесетін металдар өндірісін іске қосу көзделген.
Жеңіс Ермұқанов