Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар міндет айтылды

Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар міндет айтылды

Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жаңа жұмыс орнын ашуға міндетті. Бұл туралы Үкімет отырысында ел Премьер-Министрі мәлімдеді. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша басқа да бірқатар міндетті атап өтті. Олар экономикалық, әлеуметтік, нақты сектор, табиғи ресурстарды сақтау, ауыл шаруашылығы, сауда, денсаулық сақтау және елдегі бизнесті дамытуға қатысты. Премьер-Министрдің айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ШОБ-ты қорғау мен қолдауға басымдық бере отырып, басқа форматқа көшуі тиіс. Қаржы министрлігіне 1 наурызға дейін бюджеттік жоспарлау процесін цифрландыру бойынша жұмысты жеделдету тапсырылды. Сондай-ақ отырыста әрбір қазақстандық үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту қажеттігі айтылды. «Ол үшін медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, олардың инфрақұрылымын жетілдіру маңызды», – деді Әлихан Смайылов. Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне автокөлік өнеркәсібіне бару үшін арнайы кесте дайындауға бір апта уақыт берілді. Аталмыш өнеркәсіпке сарапшылар, қоғам және БАҚ өкілдері барады. Сондай-ақ Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шығын келтіретін және тиімсіз жобаларды іске асырудан бас тартуды тапсырғанын атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Біздің басты міндетіміз – халықтың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған экономиканы дамытуға күш салуымыз қажет. Әрбір министр мен әкім қабылданатын шаралардың сапасы мен жеделдігі үшін жеке жауапты болады. Менің орынбасарларым өздері жетекшілік ететін салалары бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты үйлестіру мен бақылауды ұйымдастырсын.