Үкіметте машина жасауды дамыту перспективалары талқыланды

Қазақстанда машина жасау өнімдерінің өндірісін 2028 жылға қарай екі есеге арттыру жоспарлануда. Саланы дамыту перспективалары Үкімет отырысында талқыланды. Бейінді ведомствоның мәліметінше, 9 айда өңдеу өнеркәсібінде көшбасшы орындардың бірін иеленген машина жасау саласына инвестициялар 2 есе өсіп, 124 млрд теңгені құрады. Өндіріс көлемі 3 триллион теңгеден асты. Сала құрылымында ең үлкен үлес автомобиль жасау секторына тиесілі. Ол шамамен 40% тең келді. Бүгінде елімізде бірқатар жаңа зауыттардың құрылысы жүріп жатыр. Секторды одан әрі дамыту автокомпоненттердің отандық өндірісін игеру есебінен жоспарлануда. Биыл мультимедиялық жүйелердің және автокреслолардың сериялық өндірісін іске қосу күтілуде. Автомобиль жасаумен қатар теміржол және электротехникалық машина саласы да қарыштап дамып келеді. Өнеркәсіп министрлігінде атап өткендей, отандық өнімге сұраныс арта түскен. Саланың жаңа кәсіпорындарын құру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту үшін 600 миллиард теңге, сондай-ақ жаңа білікті кадрлар қажет.


Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:


- Министрлік кәсіпорындармен бірлесіп кадр даярлауды күшейту бойынша жұмыс жүргізуде. Білім беру ұйымдарында теорияны оқытып, зауыттарда практика өтуді көздейтін бағдарламалар әзірленіп, қолданысқа енгізілуде.

Авторы Әсел Күшенғалиева