Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуына санаулы күндер қалды. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда ораза 2 сәуірде басталып, 1 мамырға дейін жалғасады. Ал қасиетті қадір түні сәуірдің 27-сінен 28-іне қараған түні өтеді. Бұл туралы республика мұсылмандары діни басқармасының өкілдері хабарлады. Айтуларынша, қадірлі айдың басталар күні көрші елдердің дін өкілдерімен бірге және шариғат ережелері мен ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес таңдалды.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:
- Өздеріңізге белгілі, осыған дейін Орталық Азия елдері арасында діни мерекелерді атап өтуде айырмашылық болатын. Оның өзіндік дәлелге сүйенген ғылыми әрі діни себептері болды. Алайда ауыл аралас жатқан бауырлас елдер оразаны 2 күнде бастап, айт мерекесін 2 күнде атап өткен жағдайда бірнеше рет қайталанды. Бұл жамағаттың түсінбеушілігін тудырды. Біз Өзбекстан, Қырғызстан еліне барған жұмыс сапарымызда осы мәселені жан-жақты талқылап, ортақ пәтуа қабылдауға уағдаластық. Келісім негізінде екіжақты меморандум қабылданды.
Сондай-ақ ҚМДБ өкілдері азаматтарды қайырымдылықпен көбірек айналысуға, ал кәсіпкерлерді азық-түлік бағасын шарықтатпауға шақырды. Спикерлер биылғы пітір садақа көлемі 500 теңгені құрайтынын да атап өтті.
Айта кетейік, ораза ұстау – мұсылманның қасиетті 5 парызының бірі.
Авторы: Ақзер Сегізбай