Қазақстанда осы жылдың 9 айында көлікпен транзиттік жүк тасымалы 44% ұлғайып, 3,6 млн тоннаға дейін жетті. Оның негізгі көлемі Қытай еліне тиесілі. Яғни аталған бағытта еліміз арқылы бір жарым млн тонна жүк өтіп, екі есе өсім көрсеткен. Бұл жөнінде үкімет отырысында көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев мәлімдеді. Сарапшылардың болжамынша, аспан асты елі транзитінің үш есеге артуы отандық қазынаға 263 млрд теңгеге жуық қаражаттың түсуін қамтамасыз ете алады. Алайда, әлі де көлікпен жүк жеткізу теңіз жолдарымен тасымалға есе жіберіп келетіні байқалады. Деседе тез бүлінетін, медициналық, қымбат және қысқамерзімде жеткізуді талап ететін тауарлар көбіне көліктік дәліздер арқылы тасымалданады. Сондықтан Үкімет теңіз жүктерін автокөлік тізбегіне алмастыру үшін келесідей шаралар ұсынып отыр. Осының қамында ең алдымен бонд қоймаларының қатарын ұлғайтып, елдегі бекеттердің өткізу қабілетін арттыру, ішкі автопаркті кеңейту сондай-ақ, рұқсат беру құжаттарын берудің тиімді жүйесін ендіру межеленген. Сонымен қатар жүк тасымалына қатысты барлық ақпараттық жүйелерді біріктіру және инвесторларды тарту тетіктерін оңтайландыру көзделген.
Әлихан Смайылов, ҚР
Премьер-Министрі:
-Автомобиль
көлігімен жүк тасымалдауды одан әрі дамыту мақсатында мына
мәселелерге назар аударғым келеді. Жергілікті атқарушы органдар
сервис объектілерін салу үшін бизнес субъектілеріне жер
учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мерзімде
жүргізулері тиіс. Көлік министрлігі отандық компаниялар үшін
шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді механизмін әзірлеп,
нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізуі қажет. Әкімдіктер
жол бойындағы сервис объектілерін Ұлттық стандартқа сәйкес келтіру
жөніндегі өздерінің жол карталарын әзірлеуі қажет.