Мәжіліс үш жылдықтың жаңа бюджетін қабылдады

Мәжіліс үш жылдықтың жаңа бюджетін қабылдады

2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,6% деңгейінде болжануда. Ал, республикалық бюджеттің кірісі шамамен үш триллионға өсім көрсетіп, 15 жарым триллион теңгеден асады. Бұған экономиканың даму қарқынының ұлғаюы және салықтық әкімшілендірудің жақсаруы, сондай-ақ көлеңкелі экономика үлесінің төмендеуі ықпал етеді. Бұл туралы Мәжілісте Қаржы министрі мәлімдеді. Сондай-ақ, республиканың жаңа үш жылдық бюджеті қабылданды. Мәди Такиевтің айтуынша, ол өткен жылдардағыдай әлеуметтік бағдарланған болып қала береді. Келесі жылы аталған салаға 10 триллион теңге бөлінеді. Өз кезегінде бұл жалпы шығынның 30%-тен сәл артық. Өңірлерге 7,5 триллион бөлінеді. Ал экономиканың нақты секторын қолдауға 2 триллионнан астам қаражат жұмсалады.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

- Оның ішінде, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту күшейтілді. Осы бағытқа 2025 жылы ағымдағы жылмен салыстырғанда 30%-ға ұлғая отырып, 635 млрд. теңге қарастырылды. Көлік саласын дамытуға 2025 жылы 568 млрд. теңге бөлу жоспарлануда, онда автожол саласын дамытуға 423 млрд. теңге көзделген. Су ресурстарын тиімді басқаруға ағымдағы жылмен салыстырғанда 51 млрд. теңгеге немесе 59%-ға ұлғаюмен 137 млрд. теңге көзделген.

Мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған Кепілдендірілген трансфрет туралы заң жобасын қабылдады.

Сондай-ақ, Мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын қабылдай отырып, Ұлттық қордан жыл сайын екі триллион теңге алуды қолдады. Министрлер кабинеті өкілдерінің айтуынша, Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес анықталған. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41-39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген.Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңгекөлемінде айқындалды.

Әсел Күшенғалиева