ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің студенттеріне арнайы грант бөлуі мүмкін. Мұндай келіссөз Түркияның Анкара қаласында өткен екі ұйым арасындағы кездесу барысында талқыланды. Университет ректоры Жанар Амангелдіқызының айтуынша, халықаралық деңгейдегі екі ұйымның міндеті бірдей. Ол – бірінші кезекте түркі әлемінің жастарына жоғары деңгейде білім беру.
Жанар Темірбекова, Қ.А. Ясауи халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:
- Биылғы жылы Түркістан қаласының күллі түркі әлемінің рухани астанасы атануымен қатар, әрине, бізді өте көп ортақ жоба күтіп тұр. Сондықтан мен Анкара қаласындағы іссапар барысында ТҮРКСОЙ ұйымына арнайы келіп, алдағы ортақ жобаларды, жұмыстарды қалай атқаратынымыз жайында бірігіп жоспар жасадық. Екі ұйымның да миссиясы өте ұқсас. Ол – түркі әлемінің жастарына ең жақсы білім беру, мәдениетіміздің сақталуы және жалпы түркі әлемінің рухани құндылықтарын халықаралық деңгейде насихаттау.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласындағы халықаралық университетте 10 мыңнан астам студент тәлім алуда, ал оның 1500-ға жуығы – 23 түркітілдес ұлт пен ұлыстың өкілі. Оның 500-ге жуығы – Түркия елінен келген студенттер.