«Астана Опера» театры «Сильфида» балетінің премьерасын ұсынады

«Астана Опера» сахнасында шынайы және фантастикалық әлемдер тоғысады. Театр өнерсүйер қауымға кезекті премьерасын ұсынады. Елордалық өнер ордасында Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің тұсауы кесіледі. Жаңа мәнерде ұсынылған танымал спектакльді қыркүйектің 29 мен 30 және қазан айының 1 мен 3 күндері тамашалауға болады. Труппаның жетекшісі - Алтынай Асылмұратованың айтуынша қойылымды үздік классикалық үлгіде сахналауға тырысқан. Яғни, романтикалық балеттің нышанына айналған тың туындының мән-маңызы барынша сақталған.

Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» театрының балет труппасының көркемдік жетекшісі:
- Бізде де үш мейірімсіз қыз бар. Тек бұл жағымсыз кейіпкерлерді үш ер адам сомдайды.  Бұл Травести партиясы, оны әйелдер де, ер адамдар да орындай алады. Мақсат - бұл образдар арқылы олардың шынай кейпі мен арам пиғылын жеткізу. Бұл бейнелер бір біріне мүлдем ұқсамайды. Әрбірінің өз қыры мен сыры бар. Сонысымен қызықты. Мен труппаны босы қойылымға барынша жұмылдыруға тырыстым.

Бұл ретте негізгі партия – Сильфиданы бірден 4 солист орындайтынын  айта кеткен жөн. Қойылымдағы басты кейіпкердің бейнесін Анастасия Заклинская, София Әділханова, Шұғыла Әдепхан және Мадина Өнербаева сомдайды. Соңғысы бұл образды енді бір елордалық театрдың сахнасында алып шыққан. Бұл жолы әсерлі декорация, сахнаның әрлеуінен бастап ертегілік костюмдерге дейін қойылымға өзге рең беретін сыңайлы,-  дейді.

Мадина Өнербаева, Театрдың жетекші солисі, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Ол кезде мен өте жас едім. Сондықтан бұл рөлдің қыр-сырын толық түсінбедім. Уақыт өте келе тәжірибе жинақталады. Қазір мен үшін Сельфида мүлдем басқа қырынан ашылды. Өзімнің мәнеріме ұқсайтын Сильфиданы тапқан сияқтымын. Біз Алтынай Абдуахимқызымен осы бас кейіпкердің бейнесін өткен маусымның соңынан бері дайындай бастадық. Қазір соңғы пысықтаулар жүріп жатыр. Біз сахнада 4 бірдей Силфидамыз. Бірақ олар бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Себебі оның бейнесін әркім өзінше сезінеді. Мен өзімнің ішкі дүниеммен түйіскен жаңа бейнені көрсеткім келеді.    

Дәстүрлі шотланд әуендері, сиқырлы кейіпкерлер, жас шаруа мен фея жайлы өрбитін таңғажайып оқиғалар желісі ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық.