Түркістан облысынан алғашқы қауымдық құрылыс кезінде қолданылған жәдігерлер табылды. Қырғыш, тас табақ сияқты тағы басқа да заттар Тұттыбұлақ үңгірінен қазылған. Германиядағы сараптамадан кейін ежелгі артефактілердің жасы анықталды. Олардың 48 мың жылдық тарихы бар екен.
Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы:
– Орта ғасырларда қолданылған қыш бұйымдардың сынықтары, сол дәуірдегі адамдардың азық-түлік сақтайтын орындары және басқа да қызықты олжалар табылды.
Қазақстан жеріндегі археологиялық ескерткіштер шетелдік ғалымдардың қызығушылығын тудыруда. Мәселен, Тұттыбұлақ үңгірі Еуроодақтың арнайы жобасы аясында зерттеліп жатыр. Халықаралық қазба жұмыстарына Германия, Греция және Испания елдерінен археологтар тартылды. Солардың бірі Радо Йовица бұған дейін де бірқатар әлемдік деңгейдегі экспедицияларға қатысып үлгеріпті. Соңғы кездері оның қызығушылығы Орталық Азияға ауа бастаған.
Радо Йовица, археолог, Германия:
– Үңгірлерді зерттеу біз үшін өте маңызды жұмыс. Өйткені мұндай жерлерде адам мен жан-жануарлардың қалдықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер арқылы ДНК-сараптама жасаймыз. Осылайша онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз.
Археологтар «еліміздегі ежелгі үңгір біз үшін тарихтың алтын тарамы іспетті» дейді. Мұнда табиғаттың өзі адамзаттың даму тарихын сақтап қалған. Бұл жерде әлі де көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазақстан аумағында осындай 80 үңгір бар. Оның басым бөлігі әлі күнге дейін толық зерттелмеген.